Олар басшыларын қызметтен алып, есеп бөліміне тексеріс жүргізуді талап етті. Бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен тарауда. Емхана қызметкерлері жалақы мен премияның уақытында төленбейтінін, қажетті құралдардың жетіспейтінін және негізсіз ақша жинау мен «өлі жандардың» көбейгенін айтады.
«Бізді тіпті А4 форматындағы қағазды сұрағанымыз үшін де сөгеді. Оны жеке мақсатта емес, анықтама, талдау нәтижесі мен басқа да құжаттарды басып шығару үшін пайдаланамыз ғой. Соңғы рет бір бума қағазды науқастың өзі әкелген болатын. Себебі, ол осы жағдайымызды көріп жағасын ұстаған. Басшымыз Еркін Сабиров бізге базарға барып, картоп пен шұлық сатуды ұсынды. Мардымсыз жалақы алып, қажетті құралдарсыз қызмет атқара отырып, күн сайын осындай сөздерді есту бізге ауыр. Басшылардың өздері 500 мың теңге еңбекақы алатынын жақсы білеміз. Сол сияқты, бізде небәрі бір учаскелік дәрігер мен үш фельдшер ғана бар. Соған қарамастан 18 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетеміз. Басшылық дәрі-дәрмекке де сұраныс бермейді, оны өзге емдеу мекемелерінен алуға мәжбүрміз. Сол үшін өз ақшамызға такси шақыртамыз» дейді қызметкерлердің бірі. Бейнеүндеуге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев те пікір білдірді. «Дәрігерлік амбулаторияны мен де аяқтай барып қарап келдім. Қызметкерлердің арыз-шағымдарын тыңдап қайттым. Бұған қатысты арнайы комиссия құрылады. Тексеріс нәтижесі қосымша хабарланатын болады» дейді ол.
Ал, аталған емхана директоры Еркін Сабировтың орын алған жайтқа қатысты өз айтары бар екен.
«Жалақы уақытында төленіп отыр. Премия мөлшері де жұмыс нәтижесіне қарай белгіленеді. Егер жұмыс дұрыс атқарылмаса, премия да азаяды. Емхананы жөндеуге ақша жиналмайды. Қаражат тек гүл отырғызу үшін ғана жиналды. Осында жатқан науқастар үшін жаны ауырмаған дәрігерлер жұмысын ауыстырсын, мәселен, стаушы болсын. Сондай-ақ, бізде ешқандай «өлі жандар» жоқ. Тек толық емес жұмыс кестесі бойынша және қашықтықтан жасайтын жұмысшылар ғана бар. Арызда көрсетілген шағымдардың бәрі негізсіз. Тиісті міндеттерін дұрыс атқармағандарға қатысты заңдық шарасы алынатын болады» деді ол.