Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес күшейтілді. Су кодексіне сәйкес су инспекторларының құзыреті кеңейді. Енді олар өз бетінше су пайдалануға жол бермеу үшін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады. Рұқсатсыз су пайдалануды жүзеге асыру су ресурстарын нысаналы пайдаланбау, су пайдаланудың рұқсат етілген көлемдерін асыру және бекітілген су режимін бұзу үшін жауапкершілік артты. Қайталанып жасалған бұзушылықтар үшін айыппұлдар 200 АЕК-тен 2 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұл жайында ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ брифингінде мәлімдеді.
Министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі – су саласындағы есепке алу. Ол суды пайдалану және су бұру туралы статистикалық мәліметтерді, процестерді цифрландыруды, су кадастрын жүргізуді қамтиды. Мәселен, Комитет мемлекеттік Су кадастрын жаңартып, шығаруды жүзеге асырды. Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығымен бірлесіп «Qazsu» жүйесінде есептерді толтыру және қалыптастыру бойынша жұмыстар, тұрақты негізде ақпаратты жаңарту және толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ ақпараттық порталдың толықтығын бақылау және тексеру жүргізіледі.
Мұнда келесі ақпарат орналастырылады:
- 2-тп су шаруашылығы жылдық есептер;
- Суды бастапқы есепке алудың тоқсан сайынғы есептері;
- Мемлекеттік су кадастрының жыл сайынғы басылымы;
«Qazsu» жүйесінде республикалық су объектілерінің ақпараттық картасы іске қосылды. Онда зерттелген өзендер мен көлдер паспорттық деректермен белгіленді. Бұл жүйе Qazsu.gov.kz мекен жайы бойынша көпшілікке қол жетімді.
Су заңнамасының маңызды міндеттерінің бірі – су қорын қорғау. Осы міндеттерді атқару үшін заңнамада су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу тараптары қарастырылған. ЖАО 2027 жылдың соңына дейін елді мекен шекаралары мен шегіндегі жер үсті объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеуге міндетті. Бұл жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.

