RSS лента

Қазақстанда халал орталығын ашу ұсынылды

  • 31.08.2023, 16:25,
  • 265
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Қазақстандағы халал инфрақұрылымының дамуы туралы баяндады. 

Қазақстанның алдында 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көрсеткішін $41 млрд дейін жеткізу мақсаты тұр, халал индустриясы осы көрсеткішке қол жеткізу үшін драйвер болып табылады. Елімізде халал индустриясын дамыту аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар стандарттарға, сарапшыларды даярлауға және аттестаттауға, аккредиттеуге, халықаралық ынтымақтастыққа және үшінші елдердің нарықтарына шығуға қатысты.

 

    «Халал өнімдерінің жаһандық нарығы өте тез өсуде, қазір ол $3 трлн деңгейінде бағалануда. Көрсеткіш 2028 жылға қарай пессимистік сценарийде 3,27 трлн-нан оптимистік сценарийде 11 трлн-ға дейін жетеді деп күтілуде», – деді ол.

 

Мемлекеттік деңгейде 18 ұлттық стандарт қабылданып, ТМД елдері үшін мемлекетаралық стандарттарының 11 жобасы әзірленді. Ол үшін халықаралық ұйымдармен бірқатар меморандумдар мен келісімдер жасалып, жетекші әлемдік стандарттар негізге алынды.

 

    «Бұл мал союға, сертификаттау органдарына, косметикаға, туризм мен көрсетілетін қызметтерге сәйкестік белгісіне сертификаттау тәртібіне және т.б. талаптарға да қатысты», – деп нақтылады Қ. Елікбаев.

 

Оның айтуынша, Қазақстан халалды стандарттау жөніндегі техникалық комитетті алғашқылардың бірі болып құрып қана қоймай, ТМД шеңберінде осындай комитет хатшылығын басқарады.

 

Бұдан басқа, халал өнімдер бойынша сарапшы аудиторларды даярлау үшін оқу бағдарламалары қабылданды, бірқатар ЖОО-лар оқу бағдарламаларына «Халал өндіру технологиясы» пәнін енгізді. Әлемнің жетекші елдерінде оқудан өткен 8 сарапшы-аудитор атесттаталды. Мемлекет тізіліміне халалды ерікті сертификаттаудың алғашқы жүйесі тіркелді. Қазақстанда барлық тамақ өнімдеріне арналған бірыңғай техникалық регламент бойынша 100-ден астам зертхана аккредиттелген. Олардың 37-сінде компоненттердің, оның ішінде шошқа етінің ДНК-сын анықтай алады.

 

Халал өніміне сәйкестік сертификаттары шетелде танылған және 10 жыл ішінде қазақстандық кәсіпорындарға 1 300-ден астам сертификат берген ұйымдар да бар. Олардың ішінде шұжық, кондитерлік өнімдер, сусындар, жартылай дайын өнімдер, сүт, бал және тағы басқа өндірушілер өз тауарларын әлемнің жетекші нарықтарына жеткізу үшін әлемнің 10 елінен сертификаттау үшін жүгінді.

 

    «Өткен жылы Парсы шығанағы елдеріне экспорттау үшін халал өнімдерін сертификаттау жөніндегі бірінші орган аккредиттелген, ол жарма, ұн, кебек, қой және сиыр етін экспорттауға сертификаттар берді», – деді комитет төрағасы.

 

Халал принциптері шошқа етінің жоқтығы туралы ғана емес екенін түсіну маңызды, комитет қабылдаған стандарттар түрлі негіздегі талаптарды көздейді. Мысалы, кез келген түрдегі алкогольге тыйым салу сияқты жалпы талаптар бар. Сондай-ақ өндіріс үшін халал және халал емес өнімдерде әр түрлі өндірістік қуаттарды пайдалану, әр түрлі өндірістік желілер болуы керек, деп түйіндеді спикер.

 

Қуаныш Елікбаев атап өткендей, халал әлемдік азық-түлік нарығы бүгінде 2028 жылға қарай 4,1 млрд-қа дейін оптимистік өсу әлеуетімен 1,5-тен 2,2 млрд АҚШ долларына дейін бағаланады.

 

    «Халал өнімдерінің жаһандық нарығының өсу драйвері мұсылман халқының, әлемдегі исламдық қаржыландырудың ұлғаюы ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың халал өнімдерді қосымша тексерілген, мұқият сертификаттаудан өткен, сенімді деп қабылдауы болып табылады. Жалпы әлемде тұтынушылардың халал азық-түлік өнімдеріне жұмсайтын шығындары барлық тұтыну шығындарының 17% құрайды», – деді спикер.

 

Оның пікірінше, бүгінде Қазақстанда халал белгісін ала алатын 4 мыңнан астам өндіруші бар. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бүгінде ет дайындау мен оны өңдеудің 70-75% және тауарлар мен қызметтердің негізгі нарығының 65% өздерін халал ретінде көрсетеді.

 

    «Осы жылдың тек қаңтар-маусым айларында ғана Қазақстан ет және ет өнімдерін 83 млн АҚШ долларына, ал өсімдік және жануарлардан алынатын өнімдерді, жалпы 2,7 млрд долларға дайын азық-түлік тауарларын экспорттады. Тиісті кезеңде өсім 122 млн долларды құрады», – деді Комитет төрағасы.

 

Әлемде халал өнімдеріне деген сұраныстың артуын, Қазақстанның орасан зор экспорттық мүмкіндіктерін ескере отырып, Қ. Елікбаев еліміздегі халал саудасы мен инфрақұрылымы одан әрі кеңейе түсетінін айтты.

 

«Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК бас директорының орынбасары Бауыржан Мұхамеджановтың айтуынша, Қазақстанда 2017 жылдан бастап Ұлттық аграрлық университет базасында халал стандарттау жөніндегі техникалық комитет жұмыс істейді. 2011 жылы халал өнімдері мен қызметтерін стандарттау жөніндегі мемлекетаралық техникалық комитет құрылды, оның хатшылығы Қазақстанда ашылды.

 

Парсы шығанағы елдерінің халықаралық ұйымдарымен ынтымақтастықта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан 2022 жылы БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан халал тамақ өнімдеріне сертификаттауды жүргізу құқығына аккредиттеу аттестатын алды. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы алғашқы сертификат.

 

    «Осы жылдың тамыз айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Сауд Арабиясының өкілдерімен өткен кездесуде біздің өнімдеріміздің СА-ға экспортын жеңілдету үшін Қазстандарт базасында халал-орталық ашу ұсынылды», – деп түйіндеді Б. Мұхамеджанов.

 

Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі уақытта Сауд Арабиясындағы Халал сертификаттарын тану үшін Қазстандартты Gaudi Hall Centre тізіліміне енгізу мәселесі пысықталуда.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости