RSS лента

Президент сұхбаты қоғам талқысына түсуде

Автор фото: Turan Times

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Kazakhstan» газетіне берген сұхбаты бүгінде қоғам талқысына түсіп жатыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инженерлік-коммуникациялық жүйелер мәселелеріне ерекше назар аударылады, - дейді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов. – «Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр» – деп коммуналдық салаға салынған инвестиция жылдар бойы қажеттіліктерге сәйкес келмейтінін атап өтті Мемлекет басшысы. Президент туындаған асқынуларға ден қоя отырып, жылумен қамту мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Осыған байланысты тиісті органдар мен ұйымдарға ең төменгі және ең жоғары міндеттер жүктелді: үйлерге жылу берудегі ауыр апаттар мен үзілістердің алдын алу; сондай-ақ жаңа қуаттарды енгізу, желілерді жүйелі түрде жаңарту және бүкіл коммуналдық секторды жаңғырту. Болашақта Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерден осы бағыттағы шешуші қадамдарды күтеді. Расында, мұндай қадамдар қажет. Ең алдымен, жүйелі шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін энергетика саласының Даму стратегиясын әзірлеу қажет. Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу сынды маңызды мәселе бойынша да өз ұстанымын білдірді. «Бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құры­лысына қатысты мәселені жалпы­халық­тық референдумға шығаруды ұсын­дым. Халқымыз үшін аса маңыз­ды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жыл­ғы сайлау алдындағы бағ­дар­ла­мамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді» – деп атап айтты Мемлекет басшысы. Біздің еліміз үшін энергетикалық қуаттардың тозғанын және атом энергетикалық әлеуетінің барын ескере отырып, атом электр станцияларын салу қажетті шара деп есептеймін.

 

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан билігіне келген 2019 жылдан бастап атқарған жұмыстарымен болған қиыншылықтарды жою және олардан қалай шығудың жолдарын бүкпесіз айтты.

 

«Өткен бір жылдың өзінде республика бойынша 700-дей аудан әкімдерін билік басына келгенін атап өтті. Тілшінің сұрағына орай қалың жұртшылықтың көкейінде жүрген әлеуметтік мәселелер жөнінде айта келіп, үкіметтің бюджеттік ұйымдар мен халықтың аз қамтылған бөліктеріне жалақы мен қосымша үстемақылардың жүйелі түрде өсіріліп келе жатқандығы айтылды. Сонымен қатар, қасіретті қаңтар оқиғасының себебі мен салдарын айта келе Президент бұл трагедияға бұрынғы билік пен оның төңірегінділердің ықпалы болғандығын жасырмады. Сайып келгенде, ниеті бұзық тұлғалар жаңа билікке деген өшпенділігімен қастаңдығын 2021 жылдан бастап-ақ кіріскендігі мәлім болды. Сонымен қатар, өзінің қаңтар оқиғасы кезінде түрлі күштердің әлсін-әлсін талап етуіне қарамастан Ақ Ордадан кетпей, ең соңына дейін басқарып, жағдайды бірқалыпты күйге көшіруде барлық мүмкіндігін салғандығын атап көрсетті. Сонымен қатар, сол кездегі ең ауыр шешімдердің амалсыздан жүзеге асырылғандығын, Алматы қаласында халықтың кейбір бөлігінің қолында ең соңғы қару-жарақтармен елдің тәуелсіздігіне қауіп төңдіргенін түсіндірді. Президенттің айтуынша, сол топтардың қолдарында 3500-ге жуық қару-жарақтың болғандығы елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, мемлекеттік төңкеріске алып келуі мүмкін еді. Жаңа жылдан не күтесіз деген сұраққа, елімізде бірқатар ауқымды саммиттер мен форумдар өтетіндігін және ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету бойынша әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына-800 жылдығын атап өтетіндігін көрсетті. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алатындығы айтылды. Президент сұхбатының біз үшін ең маңыздысы – бүкіл ұлттық Құрылтайдың біздің өңірде, ортағасырлық Сарайшық мәдени-тарихи Кешенінде өткізілетіні айтылды. Бұл бүкіл облыс еңбекшілеріне үлкен мәртебе болатыны сөзсіз. Біз, Атырау университеті ұжымы Президенттің бағдарламалық сұхбатын толық қолдай отырып өз кезегімізде адал еңбекпен жауап береміз» дейді педагогика ғылымдарының докторы Шахман Нағимов.

 

Қоғамның дамуының алғышарттарының бірі – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

 

– Құқықтық сауаттылық құқықтық сана мен құқықтық мәдениетке жетелейді, дейді тарих ғылымдарының канидидаты Үздік Идресова. – Әрине, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру бір күндік жұмыс емес. Мемлекет деңгейіндегі арнайы бағдарламалық саясатпен жүзеге асырылатын іс. Бүгінгі таңда бұл саясат жүйелі іске асырылып жатқандығы қоғамдағы оң өзгерістерден байқалады. Құқықтық саясат іске аса бастағанда қоғамның өзекті проблемасына айналған жастар арасындағы құқықбұзушылықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жемқорлық сияқты жағымсыз әрекеттер сап тыйылмақ. Себебі азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асырылуы олардың құқықтық сауаттылығына, құқықтық санасының деңгейіне байланысты. Және бұны әрбір азамат түсінуі қажет. Мемлекет азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыруға жағдай жасап, олардың құқықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін жүзеге асыру мен қорғаудың жолдары мен шектерін әр азаматтың білуін қамтамасыз етіп отыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып, азаматтардың құқықтық сауаттылығы қалыптасқанда ғана «заң мен тәртіпті» құрметтеп, құқықтық нигилизм жойылады. Жергілікті жоғары оқу орындары жоғары ағартушылық идеялар ордасы, құқық саласының оқытушы-мамандары кәсіби құқықтық саналы құқық саласы мамандарын даярлаумен қатар, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік қағидалар, қазақ әдет құқығы, жастар арасындағы құқықбұзушылықты алдын-алу және т.б. өзекті мәселелерді қамтитын шараларды мектеп, колледж және ЖОО білім алушылары арасында жүйелі ұйымдастырып келеді және бұл іс жалғаса бермек.

 

Жыл басында жарияланып отырған бұл сұхбаттың маңызы да зор, ерекшелігі де көп.


«Біріншіден, Президент төтесінен қойылған сұрақтарға барынша ашық жауап берді. Екіншіден, елдегі соңғы жылдардағы ауқымды реформаларды қамтуы мен елдің болашағына қатысты көкейтесті мәселелерге барынша ашық жауаптардың берілуі. Бұл қоғамдағы әртүрлі алыпқашпа әңгіме, негізсіз пікірлерге берілген жауап деуге болады. Бұл әділетті Қазақстан қағидасына да бір дәлел деуге әбден болады. Президент сұхбатта ел өмірінің барлық саласын қамтыған. Соның ішінде қоғамдық сана,құндылықтар өзгерісі, олардың заман ағымына қарай өзгерісі, дүниетанымдық ұстанымдар, мәдениет пен ұлттық идеология сияқты жалпы философиялық ұғым,көзқарас жүйесіде барынша ашық қаралған. Бұл еліміздегі гуманитарлық білім,ғылым жүйесі үшін танымдық әдістемелік қағидалар тұрғысынан маңызды екені сөзсіз. Халықты біріктіретін жол ретінде жалпыұлттық құндылықтардың басымдығы қажеттігі де дұрыс ұстаным. Соның ішінде еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, бастамашылдық, үнемшілдік сияқты құндылықтарды дәріптеу арқылы қоғамдық сананы өзгерту, сапалы ұлтқа айналу жолы ретінде қазіргі таңда жас ұрпақ үшін маңызы зор екені сөзсіз. Жалпы Президент сұхбатында елдік сана, бірлік, зиялы қауымның ролі, қазіргі дәуірде ұлт болып ұйысудың маңызы мен жолдары да сыни тұжырымдық тұрғыдан талданып берілген екен. Біз Президент сұхбатындағы тек әлеуметтік философиялық, аксиологиялық ұстанымдарға шолу жасадық. Себебі, осы ұстанымдар ұлттық идеология негізі ретінде берік,жүйелі,айқын болмай қалған салалардағы ісіміз бен көзқарасымыз тиімді болмауы мүмкін.Сондықтан да өзінің берген жауаптарында Президент осы мәселеге арнайы тоқталып, жан-жақты тұжырым жасаған деген пікірдеміз» дейді философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости