Алмалы ауданының полиция қызметкерлері алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен тұрғынды ұстады. Анықталғандай, ол бұған дейін де алаяқтық фактілер үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. ІІМ мәліметінше, күдікті шағын азық-түлік дүкендерінің иелері мен сатушыларын алдау арқылы пайда тапқан. Ол арнайы қосымшаларды пайдаланып, тауар үшін онлайн төлем жасалғаны туралы жалған электронды чектерді алдын ала дайындаған. Дүкенде есеп айырысу кезінде сатушыға жалған чек көрсетіп, ақша аударылғандай әсер қалдырған, алайда нақты төлем жасалмаған. Осылайша тауарды ақысыз алып отырған.
Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктінің қылмыстық әрекеттерінің барлық эпизодтары мен жәбірленушілер анықталып жатыр.
Полиция кәсіпкерлер мен сауда саласы қызметкерлерін сақ болуға шақырады. Төлем қабылдау кезінде тек сатып алушы көрсеткен скриншоттар мен электронды чектерге ғана сенбей, қаражаттың нақты шотқа немесе банк қосымшасына түскенін міндетті түрде тексеру қажет.


