«Омар» құрылтайшылары – бұрынғы төрт спортшы. Мұндай өндірісті ашу идеясы олардың жеке тәжірибесінен туған: бұған дейін Атырау облысында спортшыларды марапаттауға арналған медальдар тек басқа өңірлер мен шетелдерден тапсырыспен алдырылатын. Нарықты және спорт ұйымдарының қажеттіліктерін зерттей келе, кәсіпкерлер өз өндірісін жолға қоюға шешім қабылдады.
Компания «Atyrau Trophy» сауда маркасымен жұмыс істейді және өткен жылы іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын орталықтан тепкіш құю әдісі арқылы жеке дизайн мен эскиздер бойынша медальдар дайындайды. Өндірістік қуаты қысқа мерзімде 100-ге дейін медаль шығаруға мүмкіндік береді. Өнім дизайны компанияның өз күшімен әзірленеді.
Медальдардан бөлек, кәсіпорын кәдесый өнімдерін және спорттық брелоктар шығарады, спорттық формаға сублимациялық жазулар түсіреді, лазерлік гравировка және кесу жұмыстарын орындайды, сондай-ақ шкатулкалар мен салтанатты іс-шараларға арналған өнімдер дайындайды.
Қазіргі уақытта компанияның негізгі клиенттері – өңірдегі жеке спорт ұйымдары мен клубтар. Алдағы уақытта кәсіпкерлер қосымша жабдықтар сатып алып, өндірісті кеңейтуді, сондай-ақ спорттық кубоктар, мүсіншелер және чемпиондық белдіктер шығаруды жоспарлап отыр.
Жоба Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылуда, ұйым тарапынан толық сүйемелдеу көрсетілуде.

