Қостанайда жас жол қозғалысы инспекторлары алғаш рет полицейлермен бірге бірлескен патрульге шықты. ІІМ мәлім еткендей, акция жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында өтуде. Акцияның негізгі мақсаты — жолдағы тәртіп мәдениетіне қоғам назарын аудару.

Бірнеше сағаттың ішінде оқушылар нақты құқық бұзушылықтарға куә болды. Абай даңғылы мен Хәкімжанов көшесінің қиылысында Газель жүргізушісі жаяу жүргіншіні өткізбеген. Жас жол инспекторы жасағының капитаны Айлин Асатова тәртіп бұзушыға жеке өзі ескерту жасады.

Тағы бір жүргізуші қозғалыс кезінде телефонмен сөйлескені үшін, ал екіншісі қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін тоқтатылды. Рейд барысында полицейлер мен жас инспекторлар ескерту әңгімелерін өткізіп, жадынамалар таратты. Акцияның басты мақсаты — жазалау емес, алдын алу.

