Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның көрнекті мемлекет қайраткері, бұрынғы Премьер-министрі Сильвио Берлусконидің дүниеден өтуіне байланысты Джорджа Мелониге көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы өз жеделхатында Сильвио Берлусконидің Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға орасан зор үлес қосқанын атап өтті.
Айта кетейік, sputnik.kz мәлім еткендей, Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони Миланда ауруханада қайтыс болды, деп жазады Guardian. Берлускони 1994 жылдан 2011 жылға дейін Италияның үш үкіметін басқарды. Сот процестері мен жанжалдарға қарамастан, 2017 жылы саясатқа орала алды. Бүгінде оның Forza Italia партиясы басқарушы коалицияның серіктесіне айналды, деп жазады басылым. Саясаткер біраз уақыт лейкозбен ауырған. Көктемде созылмалы миеломоноцитарлы лейкозбен байланысты өкпе инфекциясынан емделген. Екі күн бұрын тағы ауруханаға түскен. Ал, 12 маусымда Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконидің 86 жасында қайтыс болғаны белгілі болды.