«Жастар, соның ішінде жас отбасылар үшін пәтер жалдау әрқашан мүмкін емес, жеке тұрғын үй үшін қаражат жинау қиынға соғады. Осы мәселені шешу үшін еліміздің бірқатар облыстарында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Отбасы Банк» АҚ жастарға арналған дербес бағдарламаларды іске қосады. Осыған байланысты, біздің облыста да жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу қажет», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
«Отбасы Банк» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметовтың айтуынша, жаңа бағдарламаның мақсаты - 35 жасқа дейінгі жастарды жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету.
«Бүгін біз «Ақмола жастары» жаңа өңірлік бағдарламасын таныстырамыз, жеңілдікті кредиттеу мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушы үшін жылдық 5 пайыз болады. Ең төменгі бастапқы жарна -10 пайыз. Бұл бағдарламаның бірегейлігі - барлық шарттарды жергілікті атқарушы органдар пысықтайды. Ең ұзақ мерзім - 19 жылға дейін, ең көп несие сомасы -15 миллионға дейін», - деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ АОФ директоры.
Сөз сөйлеушілерді тыңдап, өңір басшысы жас ақмолалықтар үшін бағдарламаның маңыздылығын атап өтіп, пилот ретінде облыс орталығынан жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды бастауды тапсырды.
«Алғашқы болып Көкшетау қаласы болады, өйткені жастардың басым бөлігі осында тұрады. Сондай - ақ, жобаға жұмысшы мамандықтарда, денсаулық сақтау және білім беру салаларында жұмыс істейтіндерді қосу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Облыстағы жастардың үлесі 153 мың адамнан асады, бұл облыс халқының жалпы санының 20% құрайды. Қалада 68 510 жас, ал ауылдық жерлерде 84 872 жас тұрады.