Еске сала кетсек, Еркін Рақышевтың "Жаралы сезім" атты кинотуындысы екі жастың махаббат хикаясын суреттейді. Алайда бір-бірін ессіз сүйген Қанат пен Арайдың тағдыр жолы оңай болмайды, олар түрлі қиындықты бастан кешеді. Режиссер араға 17 жыл салып, дәл сол фильмнің жалғасын таспалауды жөн көрген. Бүгінде түсірілім тобы қызу жұмысқа кірісіп кетіпті.
"Идея осыдан 17 жыл бұрын пайда болған. Сол кезде "Жаралы сезім" фильмі сәтті шықса, халықтың көңілінен шығып жатса, мұның жалғасын түсіреміз ғой деген ой болды. Бірақ сол ойымыз 17 жылға созылып кетіпті. Алла сәтін салған шығар, енді түсіріп жатырмыз. Бұл фильм "Жаралы сезім-2" деп аталады. Мақтанғаным емес, бірақ "Сенің киноларыңның сценарийі жақсы" деп мамандардың өзі мойындайды. Осы киноның да сценарийін жақсы қылып жаздық. Актерлер жақсы таңдалды деп ойлаймын. Бұрынғы "Жаралы сезім" фильміндегі актерлер ойнайды. Естеріңізде болса, Көктөбеде "Папа-папа, тоқташы, кетпеші..." деп жүгіретін бала бар еді ғой. Яғни, кинодағы Қанат пен Арайдың баласы – Азамат. Ол сол кезде 5 жаста болған, содан бері 17 жыл өтті, қазір 22 жаста. Сол басты рөлді ойнайды", – дейді Еркін Рақышев.
"Жаралы сезім" фильмінде басты рөлдегі Қанаттың Алматыда танысқан Иван, Сократ, Бокс атты достары да ел есінде. Режиссердің айтуынша, бұл картинаның жалғасында олардың барлығы да бой көрсетеді екен.
"Алғашқы "Жаралы сезім" фильмінде Бокс атты кейіпкеріміз өліп қалатын еді ғой, бұл жолы сценарийде оны тірілтіп алдық. Менің бұл айтқан сөзім көрерменге біртүрлі сияқты естілуі мүмкін. Олай болуы мүмкін емес деп айтуы мүмкін. Бірақ мамандар мүмкін екенін айтты. Бокс деген кейіпкерді актер Ақылжан Мақашев сомдаған еді. Араласып тұрамыз, өзінің кішкене кәсібі бар, кейде кішігірім рөлдерде ойнап жүреді. Ал басты рөлдегі Қанаттың образын ойнаған Берік Артықбаев та жақында ғана бір киноға түсті. Ол да кәсіппен айналысады", – деді режиссер.
"Жаралы сезім" фильмінде Иван атты кейіпкерді сомдап, жұлдызы жанған актер Виталий Куприянов та түсірілім алаңында жүр екен.
"Мен 17 жыл бойы кино, театр саласында жүрмін. Бүгін "Жаралы сезім" фильмінің түсірілімдемін. Біраз ностальгия бар. "Жаралы сезім – 2" фильміне түсуге бірден келістік. Дәл қазір Алматыдағы неміс театрында актер әрі режиссер ретінде жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде тек қана Бокспен, яғни Ақылжан Мақашевпен араласып тұрдық. Отбасым, үш балам бар. Менің ойымша, Еркін Рақышевтың кинодағы сюжеті ылғи ерекше. "Жаралы сезім" киносының жалғасы да бұл жолы көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын", – дейді Иван атты образды ойнаған актер.
"Жаралы сезім" фильмінде Сократ есімді кейіпкерді сомдаған Еркебұлан Тасынов та 17 жылдан кейін түсірілім алаңына келген.
"Әрине, мен үшін ерекше сәт, 17 жыл өтіп кетіпті. Бұл бас қосу ерекше, тарихи деп ойлаймын. Мен кино саласындамын. "Режиссура" мамандағы бойынша өнер академиясын бітірдім. Телевизияда, кинода қызметтеміз. "Жаралы сезім" фильмінің ерекшелігі – шынайылығында. Жасандылық жоқ, актерлер шынайы ойнап бере салды. Қатты ештеңе қосқан жоқ, қатты шеберлік те болған жоқ. Сценарий мықты болған соң халықтың көңілінен шығып отыр. Қазір отбасылымын, ұлым мен қызым бар. "Жаралы сезім" киносындағы актерлер тығыз араласамыз деп айту кішкене қателік шығар. Бірақ сәлеміміз түзу", – дейді "Жаралы сезім" фильміндегі Сократ.
Осыдан 17 жыл бұрын бірден көрермен көзайымына айналған "Жаралы сезім" фильмінде басты рөлдегі Арай есімді кейіпкерді – Регина Шамғұнова есімді ару сомдаған еді. Алайда фильмнің жалғасына ол түспейді. Режиссер кастинг арқылы басқа актрисаны таңдапты.
"Басты рөлдегі Арай, яғни Регина Шамғұнова отбасылық жағдайына байланысты түсе алмаймын деді. Оның орнына басқа актрисаға конкурс жариялап, тура сол Регинаға ұқсайтын актриса тауып алдық. Актерлік шеберлігі өте мықты. Әдемі, жақсы актриса. Арайдың рөліне көптеген актриса келген, бірақ сол Әсем есімді актрисаны таңдадық", –дейді Еркін Рақышев.
"Жаралы сезім" фильміндегі Арайдың 17 жылдан кейінгі образын Әсем Қашағанова есімді актриса сомдайды екен. Ол – Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы екен.
"Мені кастинг директоры шақырды. Басты рөлдегі Арайдың орнына адам іздеп жатқандарын айтты. Кастингке қатыстым, режиссер ұқсастықты көріп, мені алды. "Жаралы сезім" киносы шыққан кезде мен оқуды аяқтап, енді жұмысқа кіріп жатқан кезім. Сол кезде қазақты жылатқан кино ғой. "Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді" деген сөзі біздің есімізде қалды. "Жаралы сезім – 2" фильмінде Арайдың есейген шағын көрсетеді. Ұлы өсіп, қызы бойжеткен кез және отбасылық жағдайға байланысты сюжет дамиды", – дейді актриса Әсем Қашағанова.
Еркін Рақышев кезінде елдің сүйікті фильміне айналған "Жаралы сезім" туындысы талай мәрте сынға іліккенін де ашық айтты.
"Біріншіден, мен ол "Жаралы сезім" киносын арзан камераға түсірген едім. Қымбат камераға қаржымыз жетпеді. Екіншіден, кейбір актерлердің "актерлік шеберлігі" әлсіздеу болды. Оны да мойындаймыз. Ол кезде актерлер түгілі менің шеберлігім шамалы емес, мүлдем жоқ болды дегендей... Көп нәрсені түсірілім барысында үйрендік қой. Содан бері 17 жылда мен 20 шақты кино түсірдім, біраз тәжірибе жинақтадық. "Жаралы сезім – 2" фильмі заманауи, көрермен талғамына сай жақсы кино боп шығады деген ойдамын. Себебі халық жақсы қабылдаған соң сондай кино көргісі келеді. Ал ондай кино түсіру бүгінгі күні өте-өте қиын. Сол үшін біз барымызды салып тырысып жатырмыз", – дейді режиссер.
Айта кетейік, кезінде көптің көңілінен шыққан "Жаралы сезім" фильмінің жалғасы, яғни "Жаралы сезім-2" картинасы 2024 жылдың көктемінде отандық кинотеатрлар арқылы үлкен экранға жол тартпақ.