– Әз-Наурыздың бастауы – Амал күні құтты болсын! Бұл – халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпын жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған бірегей дәстүріміз. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі. Ел ырысы көбейе берсін! Жыл жақсылығымен келсін! – деп жазды Президент өзінің әлеуметтік парақшасында.
Айта кетейік, бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде адамдар бір-бірімен амандасып, жылы лебіздерін білдіріп, ұзақ өмір, саулық тілеп жатыр. Еліміздің батыс өңірінде кең тараған Амал мерекесі бүгінде көктемгі жаңару мен халықтың бірлігінің символы ретінде барша Қазақстанда тойлануда. Көрісу күні жасы үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем беріп, құрмет көрсету, ақсақалдардан бата сұрау дәстүрге айналған, адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштерін ұмытады.