Әлихан Смайылов Ташкенттегі іс-шара қарсаңында сол елдің Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.
Премьер-Министр бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі екенін баса айтты. Жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды іске асыру Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің бақылауында болады.
«Өзбекстан – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың шамамен 70%-ы біздің елдерге тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 30%-ға артып, алғаш рет $5 млрд-қа жетті. Біз өзара сауданы $10 млрд-қа жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді Премьер-Министр.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық, атап айтқанда сауда, көлік және су шаруашылығы саласындағы уағдаластықтар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Біз барлық мәселеде алға жылжып келеміз. Меніңше, шешілмеген мәселе жоқ. Сауда саласында Қазақстан Президентімен келіскен жобалар бізге жаңа белестерге жетуге көмектеседі», — деді Өзбекстан Президенті.