Аталған жиын үстінде «Орталық пен өңірлер арасындағы өзара ақша ағындарын төмендету қажет. Себебі Атырау облысы ең негізгі донор болса да, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға қажетті трансфертке қол жеткізе алмауда» деп өңірдің өзекті мәселесін көтерген Әлібек Ибатоллаұлы мұнайлы аймақтың қаржылық қиындықтары хақында көптің көкейінде жүрген көп сауалды қойды. Атыраулық депутаттың сауалына еліміздің Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің берген жазбаша жауабына қарағанда, жүргізіліп жатқан бюджетаралық қатынастар саясаты біртіндеп фискалдық орталықсыз басқаруға көшіріле бастайды. Бұл туралы жақында «Атырау» газеті аналитикалық талдау жасаған еді.
– Бұл реформалық өзгерістер жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыруға, қарсы трансферттерді қысқартуға және бюджетпен қамтамасыз етуді теңестіруге бағытталған. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бағытында реформаның бірінші кезеңін іске асыру үшін жұмыс жүргізді. Бұл орайда салықтық және салықтық емес түсімдердің кейбір түрлері жергілікті бюджетке беріліп, өңірлердің дербестігі арттырылды. Орталық пен өңірлер арасындағы трансферттер мен бюджеттік алып қоюлар барынша азайтылды. Өткен жылы жалпы сипаттағы қаржы ағыны шеңберінде жергілікті бюджеттерге ағымдағы нысаналы трансферттер беріледі. Атап айтқанда, 2023 жылы – 2,9 трлн. теңге, 2024 жылы – 3,3 трлн. теңге, ал 2025 жылы – 3,7 трлн. теңге көлемінде қаралады. Бұл ретте олардың негізгі нысаналы мақсаты сақталады. Бюджеттің қамтамасыз етілуін теңестіру үшін әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін есепке алу тәсілдері қолданылды. Мұның ішінде халық санының болжамы, автожолдардың жай-күйі, жылу мен сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы секілді басқа да көптеген салалық коэффициенттер ескерілді, - деді Азамат Кемеңгерұлы.
Вице-министрдің сөзінше, үш жылдық кезеңде бюджеттің қамтамасыз етілуін теңестіру өңірлердің ағымдағы шығындарының болжамын орта есеппен 1,1 трлн. теңгеге немесе 23 пайызға арттыруға мүмкіндік берген. Сонымен қатар, Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары секілді донор-өңірлерді қолдау және ынталандыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттік алып қоюлардың көлемін айқындау кезінде арнайы жоғарылатушы коэффициенттер қолданылған. Бұл донор-аймақтың шығыстар болжамын арттыруға, алып қоюларды азайтуға және жыл сайын алынатын нысаналы трансферттердің орнына жергілікті атқарушы органның басқаруында болатын өңірді дамытуға арналған қаражатты қалдыруға мүмкіндік туғызған.
– Бұл үш жылдық кезеңде өңірдің өз кірісіндегі алып қою үлесін 18 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді (2022 жылы – 31 пайыз). Осылайша, орталық пен аймақтар арасындағы трансферттердің қарсы ағынын қысқарту мәселесі біртіндеп шешіледі. Айталық, Маңғыстау облысы осы қолданыстағы үш жыл ішінде бюджетіне түсетін түсімдердің төмендеуіне байланысты субвенциялық өңірге айналды. Түсімдердің негізгі төмендеуінің және жоспардың орындалмауының себебі 2020 жылғы пандемияға және мұнайдың әлемдік бағасының күрт төмендеуіне байланысты болды. Облыс мұнайлы өңір болғасын жеке табыс пен әлеуметтік салықтың негізгі үлесі осы салада еңбек ететін жұмысшылардың жалақысынан аударылып, жинақталатыны анық. Ал, есепті кезеңде мұнай-газ компаниялары еңбекақыны едәуір төмендетті. 2023-2025 жылдарға арналған ЖСТ туралы заң жоғарыда көрсетілген тәсілдерді ескере отырып қабылданған, - деді вице-министр.
Сенатор өңірдің экологиялық ахуалына байланысты да бірқатар мәселелерді көтерді. Соның бірі – Азғыр проблемасы. Осыған байланысты осы отырыста Ә.Нәутиев Денсаулық сақтау министріне сауал жолдады:
– Энергетика министрлігі арқылы Атом және энергетика жобаларын дамыту мақсатында Ядролық физика институтына жыл сайын қаражат бөлінеді. Жалпы, аймақтағы радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін министрлік осы институт арқылы ауаның радиоактивті ластануына мониторинг жүргізеді. Ал, Атырау облысында Азғыр деген өңір бар. Күні бүгінге дейін ол жерде он шұңқыр жатыр, бетін тек цементтеп қана жауып тастаған. Біле білсеңіз, оның тереңінде бұрын ядролық заттарға пайдаланған құрал-жабдықтар, оның сыртында «Ява» дейтін үлкен қондырғы тұр. Қазіргі мына институттың жасап отырған бар жұмысы – тек сынамалардың санын анықтау ғана. Яғни, «бүгін бес сынама алдық, ертең он сынама аламыз» дейді де қояды.
Мен кезінде сол Құрманғазы ауданында әкім болып жүргенде институт мамандарын Азғырға шақырған едік. Иә, келді, қарады. Бірақ, жергілікті жердің суы қалай ластанып жатыр, радиацияның қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына қандай әсері бар, бұған қатысты ешқандай мәлімет бермеді, - деп бастады сауалын депутат.
– Біз бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігіне де бірнеше рет айттық. Қазір ол жерде Атырау облысының 11 мың халқы тұрады. Ол аудан орталығынан 300 шақырым, облыс орталығынан 600 шақырым жерде орналасқан. Біз кезінде сол Азғыр аймағындағы денсаулық сақтау объектілеріне ақша бөлу жөнінде мәселе көтердік. Себебі, ондағы елді мекен аудан орталығынан тым қашықта. Өзіңіз ойлап қараңыз, медициналық көмекке жүгіну үшін 11 мың халық сарылып аудан орталығына барады. Бәрінен бұрын босанатын әйелдерге қиын. Жүкті келіншекті асфальты жоқ, ала шаңы аспанға шығып жатқан 300 шақырымдық даланың қара жолымен ауданға, қала берді облыс орталығына тасу – қазіргі озық өркениетке тән құбылыс па? Амалсыздан ер-азаматтарымыз әйелдерін шекара асырып, жақын жерде орналасқан Ресейге қарасты көрші ауданға апарып босандырады. Сондайда орыстардың не сұрайтынын қараңыз: шекарасынан өткізіп, перзентханасына қабылдарда өмірге келген қазақ баласының фамилиясын өздерінің құжатымен орысша тіркетеді. Бір сөзбен айтқанда, Азғырдың қара домалақтарының туған жері – Ресей, ата-тегі мен аты-жөні орысша жазылып жатыр. Біз бұл мәселені көтеріп, министрлікке бірнеше рет сұрау салдық, - деді Әлібек Ибатоллаұлы.
– Жаңағы айтқан шұңқырларға келсек, айналасында мал жайылып жүр, құдықтан су ішіп жатыр. Ол жерде ағып келіп жатқан өзге су көзі жоқ. Бірақ, құдық суының мал-жанға қалай әсер етіп жатқанын ешкім айтпайды. Сондықтан осы мәселеге баса көңіл бөлсеңіздер,-деді депутат сөз соңында.
Сенатордың сауалына Денсаулық сақтау министрлігінің аппарат басшысы Б.Әбділдин жазбаша мәтінде жауап жолдаған. Ол, ең алдымен, министрліктің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратына сүйенгенін баяндайды. Атырау облысы ресми түрде экологиялық апат аймағы болып есептелмейтінін алға тартқан.
Сөйте тұра, «ластанған Азғыр полигоны Құрманғазы ауданының аумағында орналасқан» деп өңірдің радиациямен бүлінгенін мойындай келіп, былай дейді:
«1966-1979 жылдар аралығында эксперименталды физика институты (ВНИИЭФ Арзамас-16) 17 ядролық жарылыс өткізген. Азғыр полигоны аймағында Атырау облыстық ұлттық сараптама орталығының радиологиялық зертханасы орнатылған. Ол өңірдегі жағдайды тоқсан сайын бақылауда ұстап тұр. Яғни, әр үш айда ондағы елді мекендерден өндірілетін ет, сүт өнімдері мен құдықтағы ауыз судан сынамалар алынып, радиохимиялық зерттеулер жасалады. Осы жылдың 5 айында ғана ет тағамына екі зерттеу, құдық суына 32 рет, ауыз суға 12, сүт өніміне төрт рет, топыраққа 24 рет зерттеу жүргізілді. Аталған сынамалардың құрамынан келесі радионуклидтердің мөлшері тексерілді: цезий – 137, стронций – 90, радий – 226, свинец – 210, торий – 232, калий – 40 болды.
Тексеру нәтижесінде аталған элементтердің рауалы деңгейден шығуы анықталған жоқ. Радиоэкологиялық экспедицияның мәліметі бойынша полигонның мониторинг жүйесін кеңейту және жаңғырту мақсатында 2021 және 2022 жылдары жаңадан 12 гидрогеологиялық ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Осы ұңғымалардан алынған сынамаларды зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, 25 метр тереңдіктегі жерасты суларынан техногендік радионуклидтер анықталмаған. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша аумақтың радиоэкологиялық жағдайы тұрақты. Облыс бойынша да радиациялық ахуал бірқалыпты. Гаммафон мөлшері Құрманғазы ауданында 0,08-0,13 мкЗв/сағ.-тан аспайды» делінген ресми хабарламада.
Депутаттық сауалға байланысты берген Денсаулық сақтау министрлігінің жауабына қарағанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жасақталған 2023-2025 жылдар аралығындағы жоспарға сәйкес, Құрманғазы ауданының Азғыр ауылында медициналық пункт салу жоспарланған екен. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық оператор «Turar Healthcare» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бүгінде аталған пункт ғимаратының жобалық-сметалық құжаттарын жасақтап жатыр. Жер телімі де дайын көрінеді.
– Қазіргі таңда Азғыр ауылдық округіндегі Балқұдық, Сүйіндік, Үштөбені қосқанда барлығы 37 жүкті әйел тіркелген. Оның ішінде 12-сі дәрігерлердің назар аударуын қажет етеді. Ондай нәзікжандылардың жүктілігі 30-32 аптаға созылған сәтте диагнозына байланысты аудандық ауруханаларға және облыстық перинаталдық орталыққа жіберіледі. Патологиясы жоқ жүкті әйелдер аудан орталығына жолданады. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының жүкті әйелдерді тасымалмен қамтамасыз ету жөніндегі бұйрығы бар. Онда шалғай ауылдағы жүкті келіншектерге медициналық көмек көрсету тәртібі көрсетілген. Азғыр ауылдық округінің алыс елді мекенде орналасқандығы ескеріліп, босанатын әйелдер аудандық және облыстық мамандардың үнемі бақылауында болады, - дейді Б.Әбділдин.