RSS лента

Өзгерістер өмірден туындайды

  • 07.04.2022, 03:18,
  • 518
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Ақорда

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында парламенттің рөлі, сайлау жүйесін жетілдіру, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын арттыру сияқты бағыттар қамтылған, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Осы орайда біз қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеушісі Аян Сакошевтің пікірімен бөліскенді жөн көріп отырмыз...

 

– Жолдауда бұл жолы кең көлемде реформалар жарияланған, - дейді ол. – Бұл реформалар ел дамуының жаңа сатысын көрсетеді. Сондай-ақ барлық процесті демократизациялау арқылы қоғам алдында ашықтық және есептілік принципі қалыптасады.

 

Жолдауда мемлекет басшысы өзінің өкілеттігін біртіндеп қысқарту арқылы Парламенттің рөлін арттыру керек екенін айтты. Мұндай жағдайда Парламентке қоғам тарапынан бақылау да күшейеді. Орталық деңгейдегі органдардың жұмысына және жергілікті деңгейдегі өзін-өзі басқару органдарының мәртебесін көтеру бойынша да реформалар жасалады.

 

Бұл Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының әрі қарай жүзеге асқанының дәлелі – жаңа облыстардың пайда болуы. Семей, Жезқазған, Талдықорған қалаларының жағдайын өңір тұрғындары бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Қалалардағы инфраструктураны дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту да күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында. Бұл қалаларда миграциялық сальдоның күшейіп жатқанын тағы көріп отырмыз. Көбінесе жастардың, әсіресе талантты кадрлардың қоныс аударып жатқанын да өзекті проблема ретінде атауға тиіспіз. Сондықтан облыс орталығы мәртебесін бергеннен кейін, олардың жеке аймақ ретінде дамуына және қаланың қайта гүлденуіне мүмкіндік беретін механизмдер жасалады деп ойлаймын.

 

Биылғы маусым айынан бастап аталған өңірлер жеке облыс ретінде белгіленетін болады. Яғни олардың жеке бюджеті нақтыланады, жеке басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік органдар ашылады. Бұл аймақтағы жалпы халықтың өз өңірін дамытуына атсалысуға жағдай жасайды. Аталған қалалардың облыс орталығына айналуы өңірге инвестиция тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашады.

 

Жолдауда көрсетілген тағы бір өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру. Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары бірқатар жауапкершіліктен, қазіргі кезде туындаған әртүрлі мәселелерден қашып отыр. Сондай-ақ белгілі бір шешімдер шығарылып, құжаттар қабылданғанымен, түсіндірме жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Біз, осы орайда мемлекеттік органдардың бюрократиядан алшақтап, олардың нақты мәселелерді шешумен айналысу керектігін айтуымыз керек. Олар қоғам мен Парламент алдында қабылданған әртүрлі шешімдер бойынша жауап берулері тиіс. Яғни басшылық лауазымдағылардың жауапкершілігі қаралу керек. Ал өңірлік деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдар мәслихаттың алдында нақты жауап беруі қажет.

 

Уақыт өте келе мемлекеттік органдардың, шенеуніктердің берген уәделері негізінде нақты сұраулар жүргізілетін болады. Бұл халық атынан сайланған депутаттардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, депутаттардың жауапкершілігі артады. Сондықтан бұл жүйені қолдаймыз. Азаматтық қоғам бұл сайлау жүйесіне дайын.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости