RSS лента

Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл мәлімдеме жасады!

  • 01.10.2022, 01:42,
  • 424
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысы жұртшылығымен кездесуінде айтқан сөзі жарияланды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше, төл шежіремізде айрықша орны бар өлке. Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені.

Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір.

Мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым.

Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады.

Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық.

Соңғы жылдары Абай өңірінің экономикалық көрсеткіштері біршама жақсарды. Былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 миллиард теңгеге жуықтады. Жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты мүмкіндік жасау қажет. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті, ашық нарық қалыптастыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу аймақ басшылығының басты міндеті болуға тиіс.

Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі. Қазір елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр.

Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын.

Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық.

Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады.

Облыста қазіргі заманға қажетті, жоғары деңгейдегі, білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдануы керек. Осы орайда, Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет.

Аймаққа қажетті кадрларды дайындау үшін тиісті стандарт әзірлеген жөн. Жастарымыз сапалы білім алып, туған өлкесін дамытуға үлес қосуға тиіс. Сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын.\

Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қазір менің тапсырмаммен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек.

Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті.

Сондықтан, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық.

Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұр, Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы керек.

Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады.

Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту қажет. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны үш жылда салып бітіруге тиіс. Сондай-ақ, аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырамын.

Тағы бір өзекті мәселе – бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару.

Мен бұл жұмысты бүкіл ел аумағында жүргізуді тапсырдым. Абай облысында қазірдің өзінде осындай 200 мың гектар жер анықталды. Соның 62 мың гектары қайтарылды.

Қайтарылған жерлерді жергілікті шаруаларға әділ үлестіріп, ел игілігіне тиімді пайдалану аса маңызды. Жалпы, бұл жұмыс одан әрі жалғасады.

Аймақтың жер қойнауы полигонның кесірінен жылдар бойы игерілген жоқ. Сол себепті, облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Қазба байлықтар көптеп табылады деп ойлаймын.

Тау-кен өнеркәсібін дамыту облыс экономикасын жандандырады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Экология мәселесі.
Бұл сала әрқашан өзекті, тіпті, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек болады. Себебі, тұрғындардың денсаулығы, тұрмысы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан, экологиямен айналысатын арнайы министрлік құру менің Президент қызметіндегі алғашқы шешімдерімнің бірі болды.

«Бірге – таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – барша халқымызды ұйыстырған маңызды бастама. 2020 жылдан бері менің тапсырмам бойынша елімізде екі миллиард ағаш отырғызу шарасы басталды. Жалпы, біз осы бағытта әлі де өте көп жұмыс атқаруымыз керек.

Халықаралық стандартқа және экологиялық нормаларға сай келетін қоқыс жинайтын жаңа полигон салу керек. Бұл жұмыс облыс әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс.

Энергетика министрлігі Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы сәуір айында бұл жобаны Мәжіліс мақұлдады. Енді оны тезірек қабылдап, таза жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беру керек.

Семей өткен ғасырдың басында қазақтың рухани астанасы саналған. Абай бастап, Алаш арыстары жалғаған ұлы жол ұлтымызды есейтіп, мүлде жаңа деңгейге көтерді. Олар қазақтың болашағы қандай болуы керектігін айқындап берді.

Біз алыптарымыздың іргелі идеяларын ұстана отырып, ұлттық жаңғырудың жаңа белесіне қадам басуымыз керек.

Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой» деген хакім Абайдың өсиеті жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Ұлы ақынның атап көрсеткен бес асыл қасиеті біздің бүгінгі мақсатымызбен толық үндеседі.

Ұлы Абай «Толық адам» деген ұғымды қазақ қоғамына ұсынған еді. Толық адам, меніңше, бұл – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекшіл адам деген сөз. Өздеріңізге мәлім, мен қоғамда жаңа құндылықтар орнықтыру қажеттігі жөнінде үнемі айтып жүремін.

Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық.

Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасын асырап, балаларына қамқор болуы керек. Оларға адал еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет.

Біз шын мәнінде еңбекқор ұлт болуға ұмтылуымыз керек. Әлемде еңбексүйгіш халықтар аз емес. Бұл қасиет, тіпті, олардың болмысына сіңіп кеткен. Осы асыл қасиет біздің жұртымызға да тән болуы керек. Өйткені, халқымыздың қарым-қабілеті ешкімнен кем емес. Ұлтымызға қатысты айтылатын кейбір жағымсыз сипаттамалардан біз мүлдем арылуымыз қажет.

Бір сөзбен айтқанда, еңбекқорлық – қазіргі заманда бізге аса қажет құндылық. Осы қағиданы кеңінен дәріптеуіміз керек. Менің мұны Семей төрінде тұрып айтуымның өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл – әрдайым жас ұрпақты жақсылыққа, жаңашылдыққа жетелеген жер.

Менің Үндеуім еліміздегі әрбір жастың жүрегіне жетеді деп сенемін. Шын мәнінде, қазір – білім мен ғылым салтанат құрған заман. Мұны дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Әлемдік экономикада жоғары технологиялық өнімдерді жасап шығаратын компаниялар алға шықты. Бұл – ғылым келешектің бет-бейнесін анықтайды деген сөз.

Тың идея мен озық ой кез-келген саланы өркендетеді. Өскелең ұрпақ білімге, ғылымға құштар болуы керек. Осыны жан-жақты дәріптеуге мемлекет қана емес, бүкіл қоғам және әрбір азамат атсалысуға тиіс. Өркениетті мемлекетті тек білімді азаматтар ғана қалыптастыра алады.

Жуырда Нью-Йоркке сапарымда АҚШ-та жұмыс істеп жүрген жастармен кездестім. Олар білім алуға деген ынта-жігері мен еңбекқорлығының арқасында әлемнің әр түкпірінде табысқа жетіп жүр. Міне, осындай жастарды үлгі тұту қажет.

Қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі азайып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті. Қатігездік пен сенімсіздік, немқұрайлылық, енжарлық – халықты жарға жығатын жағымсыз әдеттер.

Біз ел боламыз десек, ең алдымен, жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Сондай-ақ, өзара тілектестік пен бауырмалдықты әрдайым дәріптеуіміз керек. Мұны Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Ұлы ойшылдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиетін ұмытпайық, ағайын!.

Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Әлемдегі ахуал аса күрделі болып кетті. Осындай жағдайда бүкіл ұлт болып ұйысып, бірігуіміз керек.

Әрбір саясаткер, қоғам қайраткері, журналист, блогер немесе жалпы азаматтар сөзі мен әрекетінің жауапкершілігін сезінуге тиіс. Қазір әр ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ.

Өкінішке қарай, ашығын айту керек, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Олар, тіпті, біздің елімізге ақпараттық шабуыл да ұйымдастырады. Оның бәрін көріп отырмыз. Міне, біз елге қатер төндіретін осындай теріс үрдістердің де бар екенін ұмытпауымыз керек.

Ең басты мақсат – мемлекеттің мүддесі. Отанымызды өркендетуге бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек.

Аймақтарды дамытуға мемлекет қана емес, бизнес өкілдері де атсалысуы қажет. Сондықтан, мен осы өңірден шыққан іскер азаматтарды Абай облысын бірге көркейтуге шақырамын.

Қазір елімізде үлкен саяси науқан басталды. Әрине, сайлау болғаннан кейін түрлі пікірталастар болады. Сонымен қатар, ел мүддесіне кереғар пікір айтатын, тіпті, жалған ақпарат тарататын адамдар пайда болуы мүмкін. Біз осыған сақ болуымыз қажет.

Сайлау жарияланған соң түрлі жалған деректер, ақпарат, яғни фейктер таратылып, кибершабуылдар күшейді. Бұл жайдан жай емес. Кейбір күштер шетелден осындай әрекеттерді ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салуды көздейді. Олар Қазақстанда оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз бағытымыздан таймаймыз.

Биылғы референдум нәтижесі бағдарымыздың дұрыстығын көрсетті. Жұртшылық Ата заңға ұсынылған өзгерістерді қолдады. Конституциялық реформа саяси жаңғыру жолындағы маңызды қадам болды.

Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нығая түсті. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты. Бұл Президенттік Республика болады деген сөз. Расында, ел басқаратын Президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі.

Келесі жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары тың тәсіл, яғни аралас жүйе бойынша сайланады. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалады. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді. Саяси партияларға заң жүзінде тың мүмкіндіктер берілді. Жұрттың мемлекетті басқару ісіне атсалысуына жол ашылды.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости