Бизнес-қауымдастықтың бірнеше рет жасаған өтінімдері мен өзара келіссөздердің нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай шешім шығарды. Осылайша, ел аумағынан жекелеген тауарларды шығаруды шектеу бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Шектеу қойылған тауарлар тізімінде қазір пияз, қырыққабат және сәбіз жоқ. Егер жақында ғана пиязды экспорттауға толық тыйым салынып, қырыққабат пен сәбізге квота қолданылса, енді еш кедергісіз экспорттауға болады.
-Бұл дер кезде қолға алынған шара, - деп санайды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры Нұрлыбек Мұқанов. – Өйткені, экспорттық нарықтың жаппай жабылуы егін шаруашылығына теріс әсер етті. Мәселен, пияз өсірілетін егістік алқаптары 5 мың гектарға немесе 15 пайызға қысқарған. Бұл тұтынушылар үшін өнімнің қымбаттауына әкеліпп соғар еді. Пиязды егу мерзімі әлі аяқталған жоқ. Сондықтан шекараның ашылуы шаруаларды жаңа алқаптар ашуға ынталандырады деген ойдамыз.
Жаңа бұйрық биылдың 1 қыркүйегіне дейін әрекет етпек.