Серіктестік жөніндегі келісімге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен Астанада қол қойылды. Жоба Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылып, елдегі коммерциялық техника өндірісін жаңа деңгейге көтермек.
Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс алаңына барып, зауыттың құрылтайшыларымен кездесті. Ол бұл жобаның аймақ экономикасы мен ел өнеркәсібінің дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Зауыт жылына 10 мың данаға дейін техника шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталады, соның ішінде Қазақстанда алғаш рет метал катафорездік өңдеу желісі орнатылады.
Бұл технология көлік кузовтарын коррозиядан сенімді қорғап, қызмет мерзімін айтарлықтай ұзартады. Өндіріс орны мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашпақ.
Жоба жетекшісі Станислав Лидің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың соңында аяқталады. Толық өндірістік циклге арналған жабдыққа тапсырыс берілген. Өндіріс желісін іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. 2026 жылы шамамен 2 мың дана техника шығарылып, өндіріс көлемі кезең-кезеңімен ұлғаяды.
Зауытқа қажетті жабдықтар 2025–2026 жылдары Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жеткізіледі.
Алғашқы партия — шасси мен кабина құрастыруға арналған жабдық — биыл қазан айында келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында бояу және дәнекерлеу цехтарына арналған кешенді қондырғылар орнатылады.