Бұл кірпіштің осы түрлерін өндіретін өңірдегі алғашқы кәсіпорын. Зауыттың қуаты жылына - 150 мың текше метр. Мұнда 50 жаңа жұмыс орны ашылған. Жаңа зауытқа 2,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Жетісу облысы құрылғаннан бері үш жыл ішінде өнеркәсіптік өндірістің жылдық көлемі 16,8% өсіммен 347 млрд теңгеге жетті. Осы жылдар ішінде өнеркәсіпте жалпы сомасы 85 млрд теңгеге 35 жоба іске асырылды. Олардың ішінде жел және су электр станциялары, өнеркәсіптік аккумуляторлар мен күн панельдерін шығаратын зауыттар бар.
Кәсіпорын «Талдықорған» индустриялық аймағының аумағында орналасқан.
Зауыттың өндірістік директоры Дәурен Нұрәлінің айтуынша, бұл аймақтағы осындай алғашқы зауыт, өйткені облыста кірпіштің бұл түрлерін өндіретін кәсіпорындар әзірге жоқ.
Кәсіпорында қазір 50 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұнда түрлі саладағы жергілікті мамандар жұмысқа орналастырылды. Зауыттың тегін жатақханасы бар, сондай-ақ қызметкерлер күніне үш рет ыстық тамақпен қамтылады.
Жалпы Жетісу облысының өнеркәсіптік әлеуетін 500-ден астам кәсіпорын танытып отыр, осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңірдегі өнеркәсіптің басым бөлігі тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ машина жасау бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар жеңіл, химия, металлургия салалары дамып келеді. Бұл ретте 2027 жылға дейін өнеркәсіп саласында 1,7 трлн теңге сомасына тағы 34 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.