EXPO халықаралық көрме орталығында басталған VIII жыл сайынғы көрмеде Қазақстанның барлық өңірінен келген 350 өндіруші тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау, жабдықтар, зергерлік бұйым мен басқа да мыңдаған тауар түрін ұсынды. Бұл туралы Primeminister.kz жазады. Экспозицияға қатысқан барлық кәсіпорынға еліміздегі шағын және орта бизнеске қолдау жасайтын негізгі қаржы институты «Даму» қоры қаржылай және басқа да көмек көрсетті.
Көрмеде ас үй плиталары, желдеткіш, медициналық жабдықтар, трансформаторлар, құрама жем, чемодандар, тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары, антисептиктер, киім, аяқ киім және басқа да сұранысқа ие тауарлар ұсынылған. Қатысушылардың бірі зарарсыздандыру және жуу құралын өндіруші «Аврора» өндірістік кешені» ЖШС нарықта 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда косметикалық өнімнің 40, тұрмыстық химияның 55, зарарсыздандыру құралының 80-нен астам түрі бар.
2024 жылы «Бәйтерек» холдингінің субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы Үкімет бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыруға 336 млрд теңге бөлді. 2,7 мың жобаға 254 млрд теңге жеңілдетілген несие берілсе, жалпы 29,5 мың жоба 1,7 трлн теңгеге мемлекеттің қолдауына ие болды. Бұл шаралар 9,7 мың жұмыс орнын ашуға, 25,4 трлн теңгенің өнімін шығаруға, 1,7 трлн теңге салық түсіміне мүмкіндік берді. Нәтижесінде 2024 жылы ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар үлесі халықтың 48%-на тиесілі болса, ЖІӨ-ге қосылған үлес шамамен 40%-ды құрайды.