Бұл – Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар нысан. Жоба ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, елдің энергетикалық және көлік тәуелсіздігін нығайтудың маңызды кезеңін білдіреді. Жаңғырту нәтижесінде зауыттың жылдық мұнай өңдеу қуаты 50%-ға артып, 1 миллион тоннадан 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Бұл еліміздегі мұнай өңдеу көлемін арттыруға елеулі үлес қосады. Ең маңызды жетістік – стратегиялық өнім болып саналатын жол битумының өндірісі 50%-ға артып, жылына 750 мың тоннаға жетті. Бұл Қазақстанның жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қажетті сапалы битумға деген ішкі сұранысын толық дерлік өтеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл «Күшті өңірлер – ел дамуының драйвері» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында жол инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, битум өндірісінің артуы импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықта жеткізілім мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл – бүкіл ел аумағындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін өте маңызды.
Жаңғырту жобасы аясында 140 тонна салмаққа ие 40 метрлік вакуумдық колонна орнату, ЭЛОУ-АВТ қондырғысын жаңарту, мыңдаған метр құбырлар мен кабельдер тарту, заманауи автоматтандыру жүйелерін енгізу сынды күрделі технологиялық жұмыстар атқарылды. Бұл – Қазақстандағы инженерлік-техникалық әлеуеттің жоғары деңгейін айғақтайды.