RSS лента

Астанада «CONNECTED 2024» халықаралық конференциясы басталды

  • 18.10.2024, 17:02,
  • 307
  • 0
  • Автор:
Автор фото: primeminister.kz

Астанада «CONNECTED 2024» халықаралық конференциясы жұмысын бастады. Іс-шараның салтанатты ашылуында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы «CONNECTED 2024» — бұл шығармашылық идеяларды талқылауға, болашақты болжауға, сондай-ақ озық білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған бірегей жоба екенін атап өтті.

 

«Қазақстан шетелдің беделді жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, академиялық хаб құру жолында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Біз еліміздің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыру үшін берік негіз қалыптастырып жатырмыз. CONNECTED 2024 конференциясы осы мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Бүгінгі басқосу ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық байланысын бекемдеуге, білім беру және адам капиталын дамыту саласына тың тәсілдер енгізуге жол ашады деп сенемін», — делінген Мемлекет басшысының хатында.

 

Primeminister.kz мәліметінше, екі күнге жоспарланған іс-шараға 20-дан астам елден 1,5 мыңға жуық делегат, сондай-ақ 100-ден астам белгілі ғалымдар мен әлемнің жетекші университеттерінің өкілдері қатысады. Конференция аясында білім мен ғылымды дамыту жөніндегі шешімдер ұсынылып, талқыланады.

 

Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлемнің алдыңғы қатарлы 23 жоғары оқу орны елімізде жұмысын бастағанын атап өтті. Вице-премьер стратегиялық әріптестерге Үкімет атынан алғыс білдіріп, бұл қадамның негізгі мақсаты туралы айтты.

 

«Біріншіден, халықаралық стандарттарға сай оқу бағдарламасын меңгерген, еңбек нарығы сұранысына ие жоғары білікті кадрларды дайындау, екіншіден, оқу бағдарламалары және оқыту технологияларының озық үлгілерін трансферттеу, үшіншіден, ғылым мен инновацияларды дамыту мақсаты тұр. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген сөз бар. Өзара тиімді жұмыс істеп, алдымызға қойған мақсатымызға бірге жетеміз деп санаймын», — деді Тамара Дүйсенова.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости