RSS лента

КАСПИЙДІҢ «ТІРІ» АЛТЫНЫ – бекіренің берекесін қашырған кім?

  • 16.01.2020, 16:38,
  • 151
  • 0
  • Автор: aakhmetullina
Автор фото: АТЫРАУ

Атырау және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыттарының материалдық-техникалық базасы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Тұралаған технологияға қарамастан тапсырысты тегістей орындап келе жатқан қос ұжым қызметкерлерінің жалақасы да мардымсыз. Осы орайда, мәселенің мән-жайын білмек болып, ескі екі нысанның тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік... 

Үшінші зауыт салу керек.

 

Алдымен Атырау бекіре балық өсіру зауытына ат басын бұрдық. Бізді құшақ жая қарсы алған кәсіпорын басшысы Рашиден Халидуллин жыл сайын мемлекеттік тапсырманың толықтай орындалып отырғанын жеткізді.

 

– 1997 жылы Елбасының өзі ашқан нысанда бүгінге дейін 100 миллион шамасында шабақ жіберіліпті. Қазір мұндағы 72 бассейінде 2 миллионнан астамы өсірілуде. Бұл ретте, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Біріншіден, балық аулау лимитінің қысқаруы қолды жіпсіз байлап отыр. Елімізде баламасы жоқ екі зауытқа да 4 тоннадан артық аулауға рұқсат жоқ. Екіншіден, күн-түн демей еңбек етіп-жүрген жүзге жуық қызметкердің жалақысы 70-80 мың теңгеден аспайды. Бас балық өсіруші 2012 жылы Астрахан қаласынан келді. Себебі, жергілікті мамандар жалақысы көп мұнай мен құрылыс саласына кетіп жатыр. 

 

Осы күйімізде жыл сайынғы 7 млн. шабақты екі есеге қалай көбейтеміз? Ал, мамандардың есебі бойынша бұл көрсеткіш 40 миллион болуы тиіс. Ол үшін кәсіпорынды қайта жаңғырту керек. Соңғы кезде өзге елдерде сәтті қолданылып жүрген заманауи тұйықталған сумен жабдықтау жүйесін енгізу қажет. Сонда өндіріс қуаты екі есеге артады. Сонымен бірге, 10 миллион шабаққа есептелген үшінші зауыт салу керек. Осындағы он тоғанға қосымша тағы оны керек. Балықтың өсіп-өнуі су температурасына тікелей байланысты. Оның дыбыс шығармайтыны белгілі ғой. Сондықтан аналығын күні-түні бақылап отырмаса, уылдырығы жарамсыз болып қалады, - дейді Рашиден Мұсаұлы.

 

 

Жалпы, өңірде жиырма шақты кәсіпкер балық шаруашылығымен айналысады. Сондықтан, жаңадан ашылған өндіріс орындарына жеңілдіктер қарастырылуда. Әйтсе де, дайын табиғат байлығын өсірудің шығыны аз болғандықтан, инвест-субсидия бөлу орынсыз деп табылған. 

 

Айтпақшы, Каспий теңізін бөлісіп отырған бес мемлекетте де осындай зауыттар бар. Соның ішінде, Ресейде бес-алтауы бар. Ал, Түркіменстанда енді салынып жатыр. Айта кетейік, ең алғаш болып біздің мемлекет Елбасы шешімімен бағалы балықты аулауға мораторий жариялаған болатын. Бұл үрдісті Каспий теңізіне ортақтасып отырған қалған төрт ел де қазір қолға алған. Өйтпегенде ше? Су көлемі мен балық қоры жыл өткен сайын азайып келеді.

 

 

Шабақ шығару оңай шаруа емес.

 

Зауытқа келіп тұрып, шабақтың қалай шығатынын көрмей кете алмадық. Ең қиын да қызықты сәттердің бірін осындағы өндірістік цех басшысы Гүлшат Шайдуллина іс жүзінде көрсетіп берді. 

 

Қолдан балқ өсіру оңай шаруа емес, - дейді ихтиолог маман. – Оның үстіне, қызыл балықтың жөні бір бөлек. Алдымен, қыста ау құралдары дайындалады. Көктемде бекіренің аталығы мен аналығы ауланады. Бүгін де теңіздің төрт тұсынан ау салынады. Жұмысты кеме капитаны мен матростар, технологтар, инженерлер, балықшылар, барлығы бірігіп атқарады. Ауланған балық тоғанға жіберіледі.

 

 

Сосын аналығына толғақ шақыратын екпе егіледі. Сөйтіп, ол жасанды жолмен уылдырық шашады. Бұл жерде бір ескеретін жағдай, тоғандағы су мен ауа температурасы сыртқы табиғи температурамен сәйкес келуі керек. Әдетте бұл – 10-20 градусты құрайды. Өйтпеген жағдайда, уылдырық жарамсыз болып қалады. Оны аталықтан алынатын жыныс жасушасымен араластырып, екі сағатқа қоямыз. Екі аптада уылдырық өзгеріске ұшырап, эмбрионның көзі мен құйрығы біліне бастайды. Ақырындап ұсақ құрттарды жей бастайды. Екі ай өткен соң, оларды күннің көзі түсіп тұратын ашық тоғанға жібереміз.

 

Қаражат қол байлап тұр...

 

Бұдан соң жиырма жылдан бері бекіре өсіріп келе жатқан Жайық-Атырау зауытына қарай тартып кеттік.

 

Кәсіпорын директоры Ғилыман Сәрсемәлиевтің сөзінше, республикалық мемлекеттік қазыналық нысан бірде-бір жаңғыртылмаған екен. 

 

Зауытты жаңғыртудың техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Енді қаржы бөліп, жобалық-сметалық құжатын дайындау керек. Егер, жаңа технологияға қол жеткізсек, ауа-райы мен басқа да жағдайларға тәуелсіздіктен арыламыз. Мұнда бағалы балықтың бес түрі – орыс бекіресі, шоқыр, қорытпа, сүйрік және пілмай өсіріледі. Маусымдық тартым кезіндегі қызметкерлерді қосқанда, жүзге жуық адам еңбек етеді, – дейді Ғилыман Әміржанұлы.

 

 

Ал, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Қадірбек Есқалиевтің пікіріне сүйенсек, жаңғырту жұмысы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Әуелі тендер байқауы өткізіледі, кейін жеңімпазы анықталады. «Жыл сайын жоғалуға жуықтап жатқан балық қорын келешек ұрпаққа сақтау – басты міндет. Оның екі жолы бар, бірі – арнайы екпе жасау арқылы қолдан ұрықтандыру. Екіншісі – балықтың жүру жолын кедергілерден тазарту. Жасанды жолмен өсірілген балықтарды чип құралы арқылы бақылау мүмкіндігі бар, – дейді Қадірбек Нағимұлы. 

 

Түйін...

 

Сайып келгенде, аталған қос зауыт қайта жаңғыртылатын болса, тауарлы балық бизнесін дамытуға болады. Яғни, кәсіпкерлер осындағы балықтарды тірі күйінде алып, өз тоғандарында өсіре алады. Сөйтіп, екі жыл ішінде шабақтар жетіліп, өздері уылдырық шаша алатын жағдайға жетеді. 

 

*Сіз не дейсіз?

 

Ғұмар Дүйсембаев, Парламент Сенатының депутаты: 

 

– Кенжелеп қалған балық шаруашылығын өркендетуде қандай кедергілер бар, соны анықтау қажет. Кезінде Атырау қаласының маңынан 30 млн. шабаққа есептелген үшінші зауыт салу мәселесі көтеріліп, кейін оған кететін шығынның көптігіне байланысты қолда бар зауытты жаңғырту көзделген еді. Енді оларды мемлекеттік бағдарламаға енгізу қарастырылып отыр. Сонда ғана жобалық-сметалық құжатын дайындауға қаржы бөлінеді.

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ:
Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости